АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. 2017 жылғы 27 наурыздан бастап 7 сәуірге дейін Карталинская көшесіндегі №61 мектепте жеңілдікке ие азаматтар арасында балабақшаларға бос орындар бөлінеді, деп хабарлады елорданың білім беру басқармасы.
"ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес келесі тұрғындар кіреді: заңды өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандар саналатын балалар; ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар; жетім балалар; көп балалы отбасылардан шыққан балалар; әскери қызметшілердің балалары; арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балалары.", — деп нақтылады басқармада.
Құжаттарды Астана қаласы білім басқармасына жұмыс күндері сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін тапсыруға болады. Үзіліс уақыты 13.00-ден 14.30-ға дейін.