АСТАНА, 3 нау – Sputnik. Астана білім басқармасының маманы Гүлім Жүсіпова елордалық мектептердегі смартфонға тыйым салуға қатысты жағдайға пікір білдірді.
Қазіргі таңда тыйым салынбаған. Алайда 84 мектепте ата-аналармен кездесулер мен жиналыстар өткізіліп жатыр. Онда оқушылардың ұялы телефон алып келуіне шектеу қою мәселесі қаралып жатыр.
"Мәселе бастырмалы телефондар емес смартфондар туралы болып тұр. Біз қазір ата-аналармен жиналыстар өткізіп жатырмыз. Егер басым көпшілік смартфондардың шын мәнінде кедергі келтіретіні туралы пікір білдірсе, мәселені прокуратурамен шешетін боламыз. Жиналыс 84 мектепте өтеді, №50, 63, 82 мектептерді өткізіп қойдық. Ол жерде ата-аналар смартфонға қарсы екенін айтты, өйткені балалары сабақта әлеуметтік желіде отырады. Біз ата-ананың кез келген уақытта баласына қоңырау соғып, қайда екенін біліп отыру маңызды екенін түсінеміз", — деді Жүсіпова.
Астананың білім басқармасы бұл жиналыстарды қалалық прокуратураның тапсырмасы бойынша өткізіп жатыр. Ата-аналар жиналыстарының нәтижелері басқармаға 7 наурызда ұсынылмақ.