АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik, Айымгүл Әбіл. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі айналасында тағы шу шыққалы тұр. Банктің басқарма төрағасының орынбасары Айжан Медеуова мен оның туған-туысқандарының мемлекеттік бағдарлама арқылы өте тиімді бағаға үш бірдей пәтер сатып алғаны анықталып отыр. Бүгін Мәжілісте "Ақ жол" фракциясының депутаттары үкіметтен банк қызметін тәртіпке келтіруді сұрады.
"Банктің басқарма төрағасы орынбасарының отбасы үш бірдей пәтер сатып алған. Бір қызығы, банктің өзі де, "Бәйтерек" холдингі де бұл жағдайды заңбұзушылық деп санамайды", - деді бүгін жалпы отырыста Ерлан Барлыбаев.
Депутат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қатысты 2013 жылы болған дау-дамайды еске салып өтті. Сол уақытта бұл іске Мемлекет басшысы араласқан болатын.
"Ақ жол" партиясының фракциясы 2013 жылы үкіметке сол кездегі банк басшылығының іс-әрекетіне қатысты екі рет сауал жолдаған болатын. Сол кезде өте тиімді шарттармен Алматыда өздеріне және туғандарына қымбат пәтерлер алған банк басшылығының әрекетінен мемлекеттік органдар заңсыз еш нәрсе таппаған еді. Тек осы іске Мемлекет басшысы араласқаннан кейін ғана барып сең орнынан қозғалды. Президенттің тапсырмасымен банк басшылығы жұмыстан қуылып, ал пәтерлер мемлекетке қайтарылды", — деді Барлыбаев.
Банктің айналасындағы дауға қарамастан Айжан Медеуова мен оның туған-туысқандары үш пәтерді дәл сол уақытта алғаны белгілі болып отыр.
"БАҚ мәліметтері бойынша сол кезде коммерциялық банктерде ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 20 пайызға дейін жеткен. Ал төраға орынбасарының отбасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ипотеканы 4-5 пайызбен алған. Көптеген қазақстандықтар екі-үш жұмыста еңбектеніп, ай сайын жүз мыңдап кредит төлейді. Әрі олар теңгенің бұрынғы бағамы бойынша қарызын қайта қаржыландыра алмай жүр. Ал банк басшылығының туған-туыстары Астананың орталығындағы сәулетті үйлер үшін бар болғаны айына 20 мыңдай ғана төлейді. Қай кезде қатардағы қазақстандыққа осындай мүмкіндік беріліп еді?", — деп кейіді депутат.
Оның айтуынша, бұл банк баспанаға мұқтаж адамдарға көмек көрсету үшін құрылды ғой. Мемлекеттік бағдарламаға басшылар үшін емес, қарапайым адамдарға арналып әзірленді. Осыған байланысты "Ақ жол" партиясының депутаттары бүгін үкіметке арнайы сауал жолдап, банк қызметін тәртіпке келтіруді сұрады.
"Банк бәрін заңды деп отыр. Бұл жағдай заңды болғанның өзінде, ұят іс. Біз жеке бизнес пен мемлекет есебінен жасалатын коммерцияның аражігін ажыратуға шақырамыз. Осыған орай "Ақ жол" фракциясы кезекті рет үкіметтен аталған ұйымның қызметін тәртіпке келтіруді сұрайды", — деді Барлыбаев.