АСТАНА, 1 нау – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін палатаның жалпы отырысында жаңа депутат, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке сәттілік тіледі.
"Құрметті әріптестер, қатарымызға жаңа депутат қосылды. Кеше Орталық сайлау комиссиясы "Нұр Отан" партиясының мүшесі Сәпиев Серікті Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тіркеу туралы шешім қабылдады. Сізді қатарымызға қосылуыңызбен құттықтаймын", — деді Нығматулин.
Мәжіліс төрағасы Олимпиада чемпионының бірінші жұмыс күнінде спорт туралы заң жобасы талқыланатынын атап өтті.
"Мәжіліс, әрине, ринг емес, бірақ бұл алаңда да тартысты ұрыстар болады. Сондықтан осы жерде де үлкен жеңістер тілеймін", — деді ол.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланады.