АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Астанада полициямен жанжалдасқан жігіттер қарапайым отбасынан шыққан колледж студенттері болып шықты деп хабарлады елордалық ІІД баспасөз қызметі.
28 ақпан күні ғаламторда "Золотая молодежь устроила скандал полицейским" атты бейнежазба пайда болды.
"Кейбір деректер бойынша, қаладағы құрметті адамдардың балалары полицияға бағынбай, көргенсіздік танытып, тәртіп сақшыларын төбелеске арандатқан. Бұл оқиға 26 ақпан күні сағат түнгі үш кезінде Сарыарқа ауданында болды", — делінген қазақстандық БАҚ жариялаған бейнероликте.
Полиция мәлімдегендей, 26 ақпан күні сағат түнгі екі кезінде Астана ІІД "102" нөміріне белгісіз біреулердің тыныштықты бұзып, тұрғындардың мазасын алғандығы туралы хабар келіп түскен. Оқиға орнына автопатруль жөнелтілді.
Полицейлер келген кезде оқиға орнында сегіз жас жігіттен құралған топ болған. Жол-патрулдік полиция қызметкерлері өздерін таныстырып, құжаттарды көрсетуді талап еткенде, жігіттердің бірі полицейлерді балағаттап, құжаттарын көрсетуден бас тартқан. Содан кейін жас жігіт қасындағы жігіттермен көлікке отырып қашып кетпекші болады, алайда полицейлер оларды ұстап, Астана қаласы ІІД Сарыарқа аудандық ІІБ-на жеткізеді.
"Ұсталғандар Қостанай облысының тумалары, колледж студенттері. Тәртіп бұзушылардың ата-анасы – жеке кәсіпкер, жанармай бекеті операторы, ЖШС шопыры, бухгалтер және уақытша жұмыссыз жандар. Тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБК 437-бабы бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды", — деді полицияда.
Бұдан бөлек, қоғамдық орында балағаттау (ұсақ бұзақылық) дерегіне сәйкес 19 жастағы студентке қатысты ҚР ӘҚБ К 434-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалып, билік өкілдеріне бағынбау дерегіне байланысты сот алды тергеу ісі басталды.