АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы биыл қаңтар айында мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тағайындаған болатын. Стипендияға ие болған өнер қайраткерлерінің арасында Димаш Құдайберген де бар. Бұл туралы бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен кездесуде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы еске салып өтті.
"Бүгін Ұлттық университетте ерекше күн. Бәріміз бірге Димашты өнер ордасында қарсы алып отырмыз. Бұл елімізге үлкен мақтаныш. Димаш жастайынан өзін өнерге арнап, Ақтөбедегі өнер училищесінде, енді Астанадағы өнер университетінде дәріс алып жүр", — деген министр Димаштың ата-анасына, ұстаздарына алғысын жеткізді.
"Димаш аяқ астынан танымал болған жоқ, бұрыннан конкурстарға қатысып келеді. Димаштың бұрыннан бері халықаралық байқауларға, мемлекеттің үлкен концерттеріне қатысып жүргенін жақсы білесіздер. Жақында ғана Елбасы өзінің арнайы стипендиясымен Димашты басқа да өнер адамдарымен бірге құрметтеді. Біздің Елбасымыздың Димашқа деген қамқорлығын осыннан білуге болады", — деді Мұхамедиұлы.
Бүгін Қытайдағы ән байқауына қатысып, әлемге танылып үлгерген Димаш Құдайберген өзі оқып жүрген Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне келіп, ұстаздары мен достарымен кездесті.
"Шын жүректен бəріңізге алғыс білдіремін. Қатты тебіреніп тұрмын, сондықтан, дұрыс рақмет айта алмасам, айып етпеңіздер. Бүгін қара шаңырағыма келдім. Қазір өзімізді əлемге таныстыратындай мүмкіндігіміз бар жəне сол мүмкіндігімізді пайдалана білу керек", — деді Димаш.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген елге Hunan TV арнасының түсірілім тобымен бірге Қазақстан туралы, әншінің туған жері жайлы сюжет түсіруге ұшып келген. Бұл материал қытайлық телеарнада көрсетіледі. Демалыс күндері Ақтөбеге барған Димашты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі бастаған жерлестері әуежайдан қарсы алып, зор құрмет көрсеткен болатын.