АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik. Павлодар тұрғыны Виктория Петрова "Қазақ аруы" байқауында бағын сынап көрмек. Бұл туралы жобаның продюсері және автор идеясы Баян Мақсатқызы хабарлады.
"Биыл тұңғыш рет "Қазақ аруы" конкурсына сұлу ару Виктория Петрова өтіп отыр, ол Павлодар қаласынан қатысады. Оның қазақ тілін, салт-дәстүрлерді білуі біздің таң қалдырды", — деп жазған Баян Мақсатқызы Instagram желісіндегі парақшасында.
"Қазақ аруы" конкурсы биыл жетінші рет өтеді. Өткен жылы байқаудың ақтық кезеңі Астанада 16 наурызда өтіп, атыраулық Альмира Ахатова жүзден жүйрік шыққан болатын. Сұлулық байқауының талаптарына келсек, арулар қазақ тілін жетік меңгерген, сымбаты мен сұлулығы келіскен, білімді, өнерлі болуы тиіс.