АСТАНА, 23 ақпан — Sputnik. Елордалық ПИК бүлінген автокөлік үшін өтемақы төлейді деп хабарлайды Астана қаласы Алматы аудандық соты.
Хабарламада айтылғандай, шатыр үстіндегі қар уақытылы күрелмегендіктен, арыз беруші Д. азаматшаның көлігіне мұз құлап, әйнегі мен төбесін бүлдірген.
ҚР Азаматтық кодексінің 917 бабы бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүліктік және мүліктік емес игіліктеріне зиян келтірген тұлға толық көлемде өтемақы төлейді.
Алматы аудандық соты "Тұрмыс" ПИК-нен арыз беруші Д. азаматшаның пайдасына 139 мың 765 теңге көлемінде өндіріп алды. Шешім заңды күшіне әлі енген жоқ.