АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. Қазақ күресін Австралиядан бастап, АҚШ-қа дейін бүкіл құрлықтарда дамыту жоспарланып отыр.
35 елдегі федерация басшылары Астана қаласына халықаралық қазақ күресі федерациясының құрылтай конгресіне жиналды. Жиналыс барысында халықаралық қазақ күресі федерациясының жұмысы бекітіліп, президенті ретінде Қанат Бозымбаев сайланды. Оның сөзіне сүйенсек, қазақтың ұлттық спорт түрі дзюдо мен таеквондо секілді халықаралық деңгейде насихатталуы тиіс.
Федерацияға олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, танымал күресші Дәулет Тұрлыханов шақырылып, халықаралық федерацияның вице-президенттері болып сайланды. ҚХР мен Польшадағы федерация басшылары да сондай лауазымға ие болды. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, аппарат төрт-бес адамнан тұрады, ал қаржыландыру федерация құрамындағы 35 елдің есебінен жүргізіледі.
Федерация құрамына Австралия, Австрия, Әзербайжан, Армения, Белоруссия, Бельгия, Гана, Германия, Греция, Грузия, Израиль, Камерун, Канада, Кипр, Қытай, Куба, Қырғызстан, Латвия, Литва, Монғолия, Жаңа Зеландия, Пәкістан, Польша, Ресей, Сербия, Словения, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Уругвай, Чехия, Эстония және, әлбетте, Қазақстан енеді.