АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қоғамдық кеңесі инвестиция және даму вице-министрі Альберт Раудың БЖЗҚ-нан 50 миллиард теңге бөлу туралы мәлімдемесіне алаңдаушылық танытып, Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банкке осы мәселені түсіндіруді талап етіп сауал салды.
"БЖЗҚ-нан теміржол саласын қаражаттандыру үшін 50 миллиар теңге алынады деген ақпарат тарады. Сол себепті БЖЗҚ қоғамдық кеңесі салымшылардың мүддесіне қарама-қайшы келуі мүмкін осы шешімге қатысты ҚР Ұлттық банкіне сауал дайындап жатыр", — деді қоғамдық кеңестің басшысы Досым Сәтпаев.
Осыған орай кеңес мүшелері Facebook желісіндегі "БЖЗҚ қоғамдық кеңесі" тобына, сондай-ақ зейнетақы қорының сайтына ресми сауалды жариялады.
"Сауалға жауап беру кешіктіріліп немесе берілген жауап қанағаттандырмаса, ҚК-тің көпшілік мәлімдемесін әзірлейтін боламыз", — деді Сәтпаев.
Қоғамдық кеңес мүшелері Раудың айтқан ақпаратының қаншалықты дұрыс екендігін білгісі келеді. Және бұл шешім рас болған жағдайда, БЖЗҚ қаражаты қай компанияларға беріліп, қалай жұмсалатындығы туралы мәлімет беруді сұрайды.
Қоғамдық кеңесті құру туралы шешім 16 ақпанда белгілі болған еді. Оның төрағасы болып саясаттанушы Досым Сатпаев тағайындалған.