АСТАНА, 20 ақп – Sputnik. Мерке ауылы тұрғынының үйіне кішкентай қызын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды, деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жергілікті тұрғын бір жыл үш ай болған қызды өз үйінің есігінің алдынан 15 қаңтар күні кешке тауып алған. Әйел қараңғыда жылаған баланың даусын естіп қалады. Сәбидің жанында анасы киім салынған дорба мен "Оның аты Зере. Жасы 1 жыл 3 ай. Бір ай қарай тұрсаңыз, сосын алып кетемін" деп жазылған хатты тастап кеткен. Полиция қызметкерлері үйдің жанындағы дүкеннің бейнебақылау камераларын қарап, одан шамамен 30-35 жастағы әйелдің баланы үйдің жанына әкеліп, қойып жатқанын көреді.
Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, баланың дені сау. Полицейлер қыздың анасын анықтап, оны Мерке аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген. 34 жастағы әйел ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тиісті бапқа сәйкес, баласын тастап кеткен әйел 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (220 мың теңге) айыппұл төлеп, қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 45 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.