АСТАНА, 16 ақп – Sputnik. Алматы полициясы жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға сәрсенбі күні Алматы қаласы Әуезов ауданында түн ортасында болған.
Полиция мәлімдегендей, жол апатына екі автокөлік қатысқан: Scoda жүргізушісі оқиға орнында қалса, Toyota Camry жүргізушісі қашып кетіпті. Екі көлік те Саин көшесімен солтүстікке қарай беттеп келе жатқан.
"Қашып кеткен жүргізушінің кім екенін бірден анықтадық. Ол Алматы қаласы Жетісу ауданының 1969 жылы туылған тұрғыны. Тұрғылықты мекенжайына барғанымызда, ер адам үйінде болып шықты. Ол Саин көшесінде итті қағып кеткеніне сенімді болған екен. Қазір біздің бөлімше қызметкерлері Toyota жүргізушісін әрі қарайғы үдерістік әрекеттер жасалуы үшін Тергеу басқармасындағы әріптестерімізге тапсырды", — деді Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімшесі бастығы, полиция подполковнигі Ерік Насырбеков.