Оқиға

47 млн-ның мөлшері: Ақкөлде елордалық есірткі нарығының "серкесі" ұсталды

© SputnikГероин
Героин - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақмола облысының тұрғыны елордаға есірткі жеткізу бойынша ірі ҰҚТ-ға жетекшілік еткен

АСТАНА, 15 ақп — Sputnik. Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 14 ақпанда Астана аумағына есірткі заттарын жеткізіп, сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды елордалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. 

"Ақкөл қаласында жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде, осыған дейін есірткіні заңсыз сатқаны үшін сотты болған қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен басшысы 41 жастағы Ақмола облысының тұрғыны ұсталды. Одан 3 келі 835 грамм героин тәркіленді. Сондай-ақ, бір уақытта Астана қалалық полицияның қызметкерлері осы ұйымның тағы екі сыбайласын ұстады. Олардан 80 граммнан аса героин тәркіленді", — деп хабарлады Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Талғат Сейілханов.

Жүргізілген арнайы операция барысында заңсыз айналымнан 12 мың бірлік мөлшер есірткі тәркіленді. Олар үшін "қара" нарықта бөлшектеп сатқан жағдайда 47 миллион теңгеден астам табыс алуға болады. 

Полицияда хабарлағандай, ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)", 262-бабы ("Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу"), 296-бабы "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" және 297-бабы бойынша "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" қылмыстық іс қозғалды. 

Қазіргі уақытта ұсталғандар Астана қалалық ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.


Жаңалықтар
0