АСТАНА, 15 ақп — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесу барысында Ақтөбе облысының проблемалары мен жетістіктерін талқылады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан Президентіне 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндалды.
Елбасы Ақтөбе облысы перспективалы өнеркәсіптік өңір болып саналатынын, дегенмен еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын облыстың экономикалық үлесі жылдан жылға азайып келе жатқанын атап өтті.
"Мұндай үрдіс 2012 жылдан бері жалғасуда. Біз оның себептерін анықтап, тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Егер де ауыл шаруашылығы экспортын арттырамыз десек, қайта өңдеу өндірісі нысандарын дамытуға мән беру қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамытып, оның өңір экономикасындағы үлесін 50%-ға жеткізудің маңыздылығына назар аударды.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті облыстың әлеуметтік саладағы жұмысының басымдығы бар бағыттарын белгілеп берді. Соның қатарында балабақша санын көбейту, апатты жағдайда тұрған мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, бұған қоса бірқатар білім беру мекемелеріндегі үшінші ауысымды жою мәселелері бар.
Ақтөбе облысының әкімі өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту, соның ішінде өнеркәсіп секторын дамыту, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту және халықты жұмыспен қамту мақсатымен жүргізілген жұмыстар туралы айтып берді.
"Жыл қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өскені байқалады. Ең бастысы – жұмыссыздықтың көбеюіне жол берген жоқпыз. Мемлекеттік бағдарламалардың дер кезінде жүзеге асырылуы нәтижесінде былтыр 16 мың жаңа жұмыс орны ашылды", – деді Б.Сапарбаев.
Кездесу соңында Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.