АСТАНА, 13 ақп – Sputnik. Қазақстанда ауа райы 16 ақпаннан бастап жылынады деп хабарлайды Қазгидромет синоптиктері.
"Қазақстанда орныққан аяз, Сібір антициклонының әсерінен туындаған ауа температурасы нормадан 7-12ºС төмен. Алайда синоптиктер алдағы бірнеше күн ішінде ауа райының өзгеретінін болжауда", — деп хабарлады Қазгидромет Sputnik агенттігіне.
Синоптиктер мәліметінше, циклон Жер орта теңізінің шығыс жағалауында қалыптасып, Қазақстанның оңтүстігіне қарай 16 ақпанда жылжи бастайды, сөйтіп, республиканың барлық аймақтарына жауын-шашын ғана емес, жылы ауа райын да ала келеді.
Батыста түнде 13-23-тен 3-8-ға дейін, кей жерлерде 11-16 градус аяз, солтүстік, шығыс пен орталықта 20-30-дан 17-25 градусқа дейін нөлден төмен, оңтүстік өңірлерде 0-5, кей жерлерде 10-15 градус нөлден төмен, Қызылорда облысында 10-15, кей жерлерінде 20 градус аяз болады.