АСТАНА, 13 ақп – Sputnik. Қазақстанда ішімдік ішу деңгейі 2015 жылы адам басына шаққанда жылына 11 литрді құрады деп хабарлады ҚР ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов.
Дүйсенбі күні мәжілістегі үкімет сағатында сөйлеген сөзінде министр тұрмыстық қылмыстың ең жиі кездесетін себептерінің бірі маскүнемдік пен нашақорлық екендігін атап өтті.
"Анықтап айтатын болсам, 2015 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрастырған ішімдік ішу деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингіне сәйкес Қазақстан 188 елдің арасында 34-ші орынға ие, ішімдік ішу көрсеткіші адам басына шаққанда жылына 11 литр. Халықаралық критерийлер бойынша адам басына шаққандағы ішімдік ішу көлемі 8 литрден асып кетсе, елдің генофонды құлдырап барады деген сөз", — дейді Қасымов.
Оның берген мәліметіне сүйенсек, мас күйінде жасалған қылмыстар саны былтырғы жылы 13%-ға көбейіп, 20 мың оқиғаны құрады. Маңғыстауда көбею көрсеткіші 75%, Алматы, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында — 50%.