АСТАНА, 10 ақп — Sputnik. Қазақстанның медициналық қауымдастығы денсаулық сақтау жүйесінің түйткілді мәселелерін анықтау үшін Facebook пен WhatsApp арқылы халық арасында сауалнама жүргізуде деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен "100 мәселе – 100 шешім – 100 күн" атты әлеуметтік науқан басталды, сауалнама соның аясында жүргізілуде.
"Халық пен медициналық қауымдастық үшін бүгінгі таңда өзекті болып отырған ең басты 100 мәселені анықтауға тиіспіз. Азаматтардың өз аузынан медициналық қызмет көрсетуді қабылдау кезінде туындайтын қиындықтар, күнделікті кедергі болатын денсаулық сақтау саласының мәселелері жөнінде естігіміз келеді. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсетуді барынша ыңғайлы ету әрі сапасын жақсарту жөнінде халықтың ұсынысын білгіміз келеді, мәселелердің шешімін табар кезде оларды міндетті түрде ескереміз", — деп түсіндірді министр Елжан Біртаңов.
Бұл жобаның ауқымдылығын ескере отырып, сауалнама мерзімін 17 ақпан 18:00-ге дейін ұзартуға шешім қабылданды. Енді ұсыныстарды 100@rcrz.kz электронды адресіне жіберуге болады.