АСТАНА, 9 ақп — Sputnik. Алматы полиция жасақтарының күшейтілуі Универсиада кезінде қаладағы қылмыс деңгейінің төмендеуіне себеп болды.
Алматы ішкі істер департаментінің берген мәліметі бойынша, қаңтар айында қылмыстық құқық бұзушылық 13%-ға кеміген.
Универсиада кезінде Алматы гарнизонының жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген режиміне өтті. Қоғамдық тәртіпті қадағалауға құқық қорғау органдары мен жеке күзет ұйымдарының 13 мыңдай қызметкері тартылды.
Универсиада нысандарында 1 қылмыстық, 13 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 11 рет жеке мүліктің жоғалуы орын алған.
Билеттерді алып-сатумен айналысқан 11 адам ұсталып, олардан 500 билет тәркіленді. Универсиада нысанындағы дүкенде бір рет ұрлық болған. Күдікті бірден анықталып, ұсталды.
"Қазіргі уақытта барлық жарыстар аяқталды. Универсиада қатысушылары мен спортшылар өз елдеріне қайтуда. Халықаралық әуежай мен Алматы вокзалдарында елден кеткелі жатқан шетелдік азаматтарды тіркеу жүйесі қалтықсыз жұмыс істеп тұр", — делінген полиция хабарламасында.