АСТАНА, 7 ақп — Sputnik. Танымал актер Джеки Чан мен қазақстандық орындаушы Димаш Құдайбергенов сыйлықтармен алмасты.
"Атақты актер Джеки Чан мырза мені теледидардан көріп, кездесуге шақырды! Кездесуде актер маған өзінің эксклюзивті күртешесін және арнайы фирмалық ән тыңдау құрылғысын сыйға тартты! Ал мен актерге қазақтың шапанын жауып, домбыраны сыйға тарттым!", — деп жазды Құдайбергенов өзінің Instagram желісіндегі парақшасында.
Әншінің сөзіне қарағанда, ол домбырамен Джеки Чанға Нұрғисаның "Әлқисасынан" тартып берген. Өз кезегінде актер маған соңғы "Kung Fu Yoga" кинокартинасындағы би қимылдарын үйреткен.
"Бала кезімнен бері келе жатқан сүйікті актерім маған өз ақыл кеңестерін беріп, шығармашылығымды бақылайтынын айтты. Сөз соңында, барша Қазақстан xалқын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әдемі лебіз-тілегін білдірді! Келесі кездесуді асыға күтеміз! Армандар орындалады!", — деп түйді Құдайбергенов.
Димаш Құдайбергенов Қытайдағы I am a Singer музыкалық байқауға қатысуда. Қазіргі уақытта байқаудың екі кезеңі өтіп, оның екеуінде үздік болған. Қазір Димаш қытай тілінде ән айтуға дайындалып жатыр.