АСТАНА, 7 ақп — Sputnik. Астананың "Итальянский квартал" және "Городской романс" Тұрғын үй кешендері кабель ұрлау салдарынан жарықсыз қалды.
"Астана-РЭК" АҚ-ның хабарлауынша, 5 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 23:53-те екі тұрғын үй кешені – "Итальянский квартал" және "Городской романсты" электр энергиясымен қамтамасыз ететін 187-үлестіру пунктіне қуат жеткізетін екі жоғары вольтты кабель істен шықты. Апатқа қысқа тұйықталу себеп болған.
Атап көрсетілгендей, бүгінде аталған энергия шаруашылығы және ҮП-187 қалалық желілердің балансында жоқ. Нысандардың иесі – "БазисИнвестСтрой" компаниясы. Кабель желісінің ұзындығы 2,5 км құрайды.
"Кабель бүлінген. Қала қызметтері электрмен қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауда. Елорда әкімі Әшет Исекешев пен оның орынбасары Қосман Айтмұхаметов апат орнында. Көшпелі жиналыс өткізіліп, әрекеттер жоспары анықталды. Әкім жақын арада ақаулықтарды жоюды тапсырды", — деп жазды Facebook желісінде Даур Акремханов.
"Астана-РЭК" АҚ-ның бас инженері Руслан Абжановтың сөзіне қарағанда, ақаулыққа бүлдірушілердің әрекеттері себеп болған: олар кабельдің мыс қабатын ұрлап кеткен. Салдарынан екі шақырым кабель мыс қабатынсыз қалған. Қала қызметтері екі дизель генератор, "БазисИнвестСтрой" тағы бір генератор қосып, нысандарды уақытша электр қуатымен қамтамасыз етті. Бұл жылу, су, және лифт жұмысын іске қосуға мүмкіндік берді.