АСТАНА, 4 ақп – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша мәлімдеме жасап, онда таяуда өткізілген кадрлық өзгерістерді түсіндірді, атап атқанда Иманғали Тасмағамбетовтің Ресей Федерациясының елшісі қызметіне тағайындалуын түсіндірді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстанның Ресейдегі елшісін тағайындадым. Ол – Иманғали Тасмағамбетов. Біріншіден, Ресей – біз үшін көрші әрі әріптес, экономика мен саяси тұрғыдан өте жақын мемлекет. Ол жерге өте беделді, тәжірибелі, салмақты, Қазақстан мен Ресей арасындағы жағдайды білетін тұлға қажет болғаннан кейін осындай шешім қабылдадым. Екіншіден, Тасмағамбетовтің қалауы солай болды.
"Бәйтерек" ұжымында жасалған тексеріс қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрі Бишімбаев қызметтен босатылды. Оның орнына Тимур Сүлейменов министр болып тағайындалды. Ол – сауатты, тәжірибесі мол азамат, Мәскеуде жұмыс істеп келді. Алдында сол министрлікте орынбасар болған. Дайындығы жақсы деп, оған сенім артамыз.
Екіншіден, екі министрлікті бөліп, Денсаулық сақтау министрлігін жеке құрған себебіміз – бұл саладағы сақтандыру мәселесіне байланысты көп жұмыс бар. Халыққа соны түсіндіріп, іске асыру керек. Себебі, бұл – халыққа және денсаулық сақтау жүйесіне өте қажет мәселе. Америкада оқып келіп, Назарбаев Университетінде жұмыс істеген Елжан Біртанов министр қызметіне тағайындалды. Ол сол министрлікте орынбасар болған. Жұмысты атқара алады деп сенемін.
Үшіншіден, Премьер-Министр орынбасарларының аз болғаны жөн, министрлер өз шаруасын атқаруы керек. Ешкімге сілтемей, ешкімге сүйенбей, берген мәселені шешіп, өздері жауап беруі керек. Міне, мен осы мәселелер жөнінде айтайын деген едім.