Саясат

ҚР Ұлттық банкі төрағасы Елбасыға ант берді

© Официальный сайт Президента КазахстанаАнт беру рәсімі
Ант беру рәсімі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан халқына және президентіне Ұлттық банк төрағасы, Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы, бас прокурор тағы басқалар салтанатты түрде ант берді.

АСТАНА, 2 ақп — Sputnik. Қазақстан халқына және Президентіне Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы А.Смолин, Бас прокурор Асанов, "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің директоры Байжанов, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің басшылық лауазымдағы бірқатар тұлғалары, Үкімет мүшелері, облыстардың және Алматы қаласының әкімі салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап арта түсетінін атап өтті.

"Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жағдайлары жиі кездесіп жатады. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын құқық бұзу жайттары мемлекеттік қызметтің ғана имиджіне емес, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіне теріс әсерін тигізеді", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жиналған мемлекеттік қызметшілердің бәріне алдағы цифрлық дәуір талабы жаңашыл шешімдерді, оларды тиімді іске асыра алатын жетекшілерді қажет ететінін айтты.

Қазақстан Президенті ел дамуының жаңа кезеңінде маңызды орын алатын өңірлік кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталды.

"Бұл жұмысты атқару әкімдерге жүктелген. Оларға тиісті өкілеттіктер мен мүмкіндіктер берілді. Біз жұртты бизнеспен айналысуға үйретуге тиіспіз", – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саланың ұдайы назарда болатынын жеткізді.

"Экономика мен әлеуметтік саладағы түбегейлі өзгерістер саяси жаңғырумен қатар жүреді. Алдағы уақытта билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу Парламенттің, Үкіметтің және жергілікті мемлекеттік органдардың рөлін арттыратын болады. Сондықтан кешіктірмей, мүлде жаңаша жұмыс жүргізе бастау қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы елдің басқарушы корпусы алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығы мен күрделілігін, ол саяси мемлекеттік қызметшілерден жоғары жауапкершілік талап ететін атап өтті.

"Сіздер халықтың мүддесіне мінсіз қызмет етіп, өз міндеттеріңізді абыроймен атқарады деп сенемін. Біз тәуелсіздігімізді нығайту жолында және Қазақстанның жарқын болашағы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз", – деп түйіндеді Қазақстан президенті.


Жаңалықтар
0