АСТАНА, 2 ақп – Sputnik. Білім беру басқармасының комиссиясы Астанадағы балабақшалардың қызметін тексеруде деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Тексеруге ата-аналардың бірінің әлеуметтік желілерде жариялаған шағымы себеп болды. 2017 жылы 31 қаңтарда әлеуметтік желі пайдаланушысы Жанна Шапенова елордалық білім беру қызметкерлеріне арнап жазба жариялады. Сонымен қатар, №77 "Қошақан" мемлекеттік балалар бақшасындағы сынық орындықтар, бір кілем және жиексіз унитаздың суретін қоса көрсетті.
Әкімнің тапсырмасымен балабақшаның қызметін толық тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
Тексеру барысында анықталғандай, әлеуметтік желілерде жарияланған сурет 2016 жылы 23 желтоқсан күні "Құлыншақ" тобында түсірілген екен. Барлық топттар тексеріліп, әжетханалардың санитарлық жағдайы, ойыншықтар мен кілемдердің бар-жоғы тексерілді. Кілемдер барлық жерге төселген екен. Меңгерушінің айтуынша, желтоқсанда вирустық инфекцияға байланысты жиі тазалық жүргізу үшін кілемдердің біразы алынып тасталған. Әжетханаларда расымен де жиексіз унитаздар бар екендігі анықталды.
"1 ақпан күні сағат 18.00-ге дейін барлық ескертулер орындалды", — дейді білім беру басқармасының басшысы Сенғазыев Қасымхан.
Бұл жұмыс Астана қаласының барлық мектепалды мекемелерінде жүргізілетін болады.