АСТАНА, 1 ақп — Sputnik. Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу туралы" конституциялық заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жоғарғы сот судьясы Ақылтай Қасымовтың сөзіне қарағанда, 2016 жылдан бастап Қазақстанда әр бес жыл сайын судьяларды сот төрелігінің сапасы, судьялық этика нормаларын орындау және еңбек тәртібі негізінде бағалайтын процедура енгізілген. Тәжірибе судьялардың кәсіби білімін бағалау институтының тиімділігін көрсетіп отыр, деп мәлім етті Қасымов.
Бұл ретте оның пікірінше, бағалаудың қазіргі тетігі қайта қарауды талап етеді екен. Заңның қолданыстағы нормаларына сәйкес, судьялардың атқарып отырған лауазымына сәйкес келмейтінін көрсететін кәсіби қызметінің теріс нәтижесі судьяны лауазымынан босату үшін негіз болып табылмайды.
Судьялар корпусының сапалық құрамын одан әрі арттыру, кәсіби біліктілігін бағалау және оны көтеруге ынталандыру тетігін жетілдіру, істерді қарау кезінде заңдылықты нығайту үшін жауаптылықты арттыру мақсатында судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалаудың теріс нәтижесі алынған жағдайда, оның кәсіби қызметіне қайтадан бағалау жүргізбестен судьяны лауазымынан босатуды көздеу ұсынылады.
Сондай-ақ заң жобасында Сот жюриі судьяны басқа сотқа немесе басқа мамандануға ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда, судьялардың басқа сотқа конкурс өткізбестен ауыстыру тәртібін регламенттеу ұсынылады. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес заң жобасында жалпыға бірдей декларациялауды енгізу мерзімдерін бір кезеңге 2020 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды көздейтін түзетулер қамтылған. Мәжіліс депутаттары жайылымдар туралы және оған ілеспе заң жобалары бойынша Сенат енгізген өзгерістермен келісті.