АСТАНА, 31 қаң — Sputnik. Ақмола облысы Бестөбе кеншілер ауылындағы атыс дерегі бойынша қылмыстық іс екі жақтың татуласуымен аяқталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі Степногорск прокуратурасына сілтеме жасап.
Іс бойынша 16 "Қазақалтын" жұмысшысы мен ІІБ қызметкері жәбірленуші деп танылды.
Прокурорлардың мәліметінше, тергеу барысында күзетшілердің "Винчестер ММ-133" және "Сайга-410К" маркалы қаруларды шахта аумағынан тыс жерде басшылықтың нұсқауынсыз пайдаланғаны анықталды.
Тергеу нәтижелеріне сәйкес, ҚР ҚК 379 бабы 1 бөлігі, 380 бабы 2 бөлігі бойынша күзетшілерге қатысты қозғалған қылмыстық іс қылмыс құрамы жетіспегендіктен тоқтатылды.
Тараптар өзара татуласқандықтан, 252 бап 2 бөлік бойынша қылмыстық іс, 251 бап 1 бөлікке алмастырылып тоқтатылды. Жәбірленуші Қаратаевты ауыр жарақаттау дерегі бойынша қылмыстық іс ҚР ҚК 114 бабына ауыстырылып, екі жақтың татуласуына байланысты тоқтатылды.