АСТАНА, 31 қаң — Sputnik. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – Қазақстан экономикасының дамуының маңызды басымдықтарының бірі.
Оған қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. "Енді одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет", — делінген Елбасының жолдауында.
Президент үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін: контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе – 2 миллион контейнерге дейін; жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыруды тапсырды.
"Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет", — делінген құжатта.
2015 жылы мен "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін толық ақтады.
"Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі", — деп атап өтті Елбасы.
Назарбаевтың пікірінше, еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. "Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет", — деп сенеді ол.
Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Елбасы Құрық портын салудың екінші кезеңі – автомобиль өткелі құрылысын іске асыруға кірісуді тапсырды.