АСТАНА, 31 қаң – Sputnik. Қазақстан экономикасының алдында еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру міндеті тұр, делінген Қазақстан президентінің халқына арнаған жолдауында.
"Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек. Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар", — делінген құжатта.
Президент еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру маңызды еп санайды.
"Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс. Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, "ауқымды мәліметтер" алмасу, тағы басқа міндеттер, — деп санайды мемлекет басшысы.
Президент үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. "Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек. Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр", — деп көрсетілген жолдауда.
Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін, президенттің ойынша, экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға "бір терезе" қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек. Ол үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құруды тапсырды. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.
"Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стратегиясын әзірлеуі керек", — делінген құжатта.