АСТАНА, 26 қаң — Sputnik. Елордалық зейнеткерлер үшін әлеуметтік көмек пен тегін қызметтер көлемі артты, деп хабарланады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 2017-2019 жылдарға арналған бюджетте 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жиынтық зейнетақы көлемі 9%-ға өсті, ал 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жиынтық зейнетақы тағы 11%-ға ұлғаяды.
Атап айтатын болсақ, 2016 жылы жиынтық зейнетақының көлемі 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9%-ға өсудің арқасында 43 600 теңгені құрайды, ал 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11%-ға ұлғаятынын ескерсек, 48 396 теңгеге жетеді. Осылайша, жиынтық зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға артады.
Сонымен бірге, базалық зейнетақы мөлшері де ұлғайды: 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап — 7%-ға, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 13%-ға өседі. Егер 2016 жылы базалық зейнетақы көлемі 11 965 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7%-дық өсіммен оның көлемі 12 802 теңгені құрайды, ал 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 13%-ға артып, 14 466 теңгеге жеткізіледі. Осылайша, базалық зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға артады.
Төлемдерді "Астана қаласының Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы" ҰАҚ филиалының МЗТО Департаменті республикалық бюджеттен жүргізеді: зейнетақының ең төменгі мөлшері — 40 950 теңге, зейнетақының орташа көлемі — 68 855 теңге, зейнетақының ең жоғарғы мөлшері 82 574 теңге, осы ретте айлық есептік көрсеткіш 2 269 теңгеге тең екенін атап көрсету керек.