АСТАНА, 26 қаң — Sputnik. Қазақстандықтардың алдағы билікті қайта бөлу бойынша ұсыныстары бір ай мерзімінде поштамен немесе интернет арқылы қабылданатын болады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Бейсенбіде Ақорданың сайтында қазақстандықтар мен ел мекемелеріне жолданған ақпараттық хабарлама жарияланды.
Мемлекет басшысы бүкілхалықтық талқылауға шығарған "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасына қатысты ұсыныстар 2017 жылғы 26 қаңтардан 2017 жылғы 26 ақпанға дейін мына мекенжайда қабылданады: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Үкімет үйі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі. электрондық пошта – ap2017@akorda.kz