Саясат

Елбасы парламент пен үкіметке қандай өкілеттіктердің өтетінін жариялады

© Sputnik / Михаил Воскресенский / Медиабанкке өтуНұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбі күні кешке халыққа үндеу жолдады

АСТАНА, 25 қаң – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы елімізде басқару жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттігін мәлімдеді. 

"Құрметті қазақстандықтар! Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынып, жария етпекпін. Бұл Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының  өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді.  Мен  елдің мүддесі мен заңның  талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып,  осындай байлам жасадым. Арнайы құрылған жұмыс тобы атқарылған істерді баяндады", — деді Елбасы. 

Оның сөзіне қарағанда, реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. "Біріншіден президенттің әлеуметтік, экономикалық процестерін үйлестірудегі біршама өкілеттерін үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн деп санадым. Бұл салаға үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті Заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі кезде Парламенттің сессиясының аяғына дейін енгізуі тиіс. Екіншіден, одан да күрделі міндет билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды Конституциялық деңгейде теңгерімді ету", — деді Назарбаев.

Президентің мәлімдемесіне сәйкес, осы реформаның аясында үкіметті жасақтаудағы парламенттің рөлі  күшейетін болады. "Парламент сайлауында жеңген партия үкімет құрамын анықтауда түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл Министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтетін болады. Айтылған осы екі бағыттың қай-қайсысына да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы  мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтеді. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды жан-жақты зерттеп  қоғамдық талқылауға шығару үшін  ұсыныстар жиынтығын әзірлеуі қажет", — деп түйді елбасы. 

 

Жаңалықтар
0