АСТАНА, 25 қаң — Sputnik. Қазақстанда еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі құрылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Тамара Босымбекқызы Дүйсенова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі қызметінен босатылсын", — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі қызметіне бұрын ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болған Елжан Біртанов тағайындалды.
Сәрсенбіде жарияланған "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы" жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігіне бөлінді.
Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді.