АСТАНА, 24 қаң — Sputnik. Астанадағы сирияаралық келіссөздер ахуалды түбегейлі өзгертуі екіталай, дегенмен сириялық қақтығыс тараптары бітімді сақтауға дайын екенін көрсетті деп мәлімдеді РҒА Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Владимир Сажин Sputnik агенттігіне.
Сарапшының пікірінше, Астанадағы келіссөздердің маңызы зор, алайда бүгінгі таңда мәселені шеше алмайды.
"Бұл келіссөздерді Женевада 8 ақпанда өтетін кездесуге бастайтын бір баспалдақ деп қарастыруға болады, — деп атап өтті Владимир Сажин. – Бірақ олар бұл күрделі мәселені шеше алмас. Ең басты қиындық – Сирияның сыртында да, ішінде де қатысушылардың көптігі. Және қатысушылардың бәрінің көздеген мүддесі бар. Олардың бәрін бір мәмлеге келтіру өте қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады".
Қатысушылардың бұл құрамы, шығыстанушының пайымдауынша, оң нәтижеге кепіл бола алмайды, себебі Сауд Арабиясы және Катар сияқты маңызды ойыншылар қалыс қалды.
Сарапшының пікіріне сүйенсек, Астанадағы келіссөздердің жағымды тұсы екі жақ, кейбір жайттарды ескермегенде, бір бітімге келіп отыр.