АСТАНА, 20 қаң — Sputnik. Розьенің фотокөрмесі жұма күні кешке Бейбітшілік және келісім сарайында ашылады. Бұған дейін Sputnik Қазақстан тілшісі француз мэтрімен кездесіп, фотографтың әлемге көзқарасы туралы біліп қайтты.
- Сізді Астана несімен баурап алды? Оның ерекшелігі неде? Ол туралы туындылар шығаруыңызға не себеп болды?
— Бұдан бұрын бірнеше жұмыстарымызды қазақстандық тұтынушыларға сатқанбыз. Бұл картиналардың кімге қажет екенін сұрап білдім. Сөйтсем, суреттерім Тұңғыш президент Қорының коллекциясына енген екен. Бұдан бұрын Астананың суреттерін көрмеппін, бірден қызығушылық таныттым. Тұңғыш президент қорының ғимаратын көріп тамсанып, осы қалаға қайтсем де келуім керек деп шештім.
- Суреттеріңіздің бағасы қандай?
— Қазақстанға сатқан суретіміздің құны шамамен 20 мың еуродай болды. Негізінде бағасы 10 мың мен 20 мың еуро аралығында. Бұл форматқа байланысты.
- Тұңғыш президент қоры бейнеленген туындыңыз қазақтың ұлттық бас киімі – сәукелеге ұқсайды. Әлде маған ғана солай көрінді ме?
— Мұнда келгенімде әр түрлі бейнелерді көзім шалды, бірақ әдейі соған ұқсатқан жоқ сияқтымын. Жай ғана мәдениетті жан-жүрегіммен сезінуге тырысқан едім. Соның нәтижесінде ұқсастық байқалған ғой.
- Байқасам, жұмыстарыңызда негізінен сазды реңкті сары-сұр түстер басым екен. Бұл қаланың ластанған экологиясын еске салады. Бұл түстерді әдейі таңдадыңыз ба?
— Бастапқыда туындыларды ақ-қара түсте шығарғым келген еді. Сәулет өнері осы түстер арқылы жақсы көрінеді. Бірақ кейіннен табиғи түстерді қалдырып, олардың реңкін сәл бәсеңдетейін деп шештім, жұмыстарымда минимализм бағытын сақтағым келді.
- Өзіңіз ойлап тапқан әлемде өмір сүргіңіз келе ме?
— Әлбетте! Әлемді одан сайын жақсарту туралы айтар болсақ, оны тым құрығанда суреттерімізде іске асырғанға не жетсін, әсіресе бұл заманда қиялға ерік берген дұрыс қой. Бұл күнделікті тіршіліктің күйбеңінен құтқарады. Тіпті ұйықтар алдында, ойша суреттерімнің әлеміне аттанып кеткендей күй кешемін.
- Сөз соңында кез келген суретшіге қояр сұрағымды айтайын: сіз үшін Джоконданың мәні қандай және күлкісінің құпиясы неде?
— Тамаша сұрақ, бірақ жауап беруге өте қиын. Джоконда күлкісінің сыры әлі ашылмағанын білеміз, өмір бойы соны талқылап өтерміз, сірә. Кезінде Мона Лиза туралы бір кітап оқығанмын. Сол кітапта оның күлкісінде жұмақ пен тозақ бейнеленген депті. Яғни, бір езуінде – мейірім, екіншісінде – зұлымдық. Маған осы түсінік жақын сияқты, мен де солай пайымдаймын.