АСТАНА, 19 қаң – Sputnik. Астана маңындағы тас жолда белгісіз автожүргізуші жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, апат орнынан жасырынған, деп хабарлады Ақмола облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Аршалы ауданы Жібек жолы аулының маңынан өтетін "Алматы-Екатеринбор" тас жолында 17 қаңтар күні түнде жолдың бойында ер адамның денесі табылды. Қаза тапқанның жеке басы анықталды. Ол 1978 жылы туылған Астана қаласының тұрғыны. Полицияда хабарлағандай, ер адамды көлік басып кеткен. Қазіргі кезде, аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қоса, арнайы іздеу тобы құрылып, бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілуде және куәгерлер анықталу үстінде.
Полицейлер аталған жол-көлік оқиғасына қатысты қандай да бір ақпарат білетін адамдар болса, арнайы "102" телефон нөміріне хабарласуын сұрайды.