АСТАНА, 18 қаң – Sputnik. Астанада 2016 жылы желтоқсанда Антарктидаға аттанған "Тәуелсіздік полюсі" экспедициясының қорытындысы шығарылды. Экспедиция мүшелері 42 күн ішінде Винсон шыңына жеделдете шығып, шаңғымен Оңтүстік полюске дейін жетті және Антарктиданың қатал ауа райында ғылыми зерттеулер жүргізді.
Жеңіс құны
Бұдан бұрын хабарланғандай, экспедицияға ғалымдар мен атлеттер қатысты – команда капитаны Мағжан Сағымбаев, спортшылар Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков, ғылыми қызметкерлер Дәулет Шәріпов, Арман Баймұхамедов және командадағы жалғыз қыз — Әлия Ерназарова. Жобаның үш кезеңі – Винсон шыңына шығу, шаңғы экспедициясы және ғылыми зерттеулер жүргізу сәтті түрде аяқталды. Тарихта алғаш рет еліміздің туы Антарктиданың ең биік шыңына тігілді.
"Жолда талай қиындықтарға кез болдық, бірақ бәрін жеңе білдік. Экспедицияның ең қуанышты сәттерінің бірі – Ілияс Ғалымбеков екеуіміздің 16 желтоқсанда Винсон шыңына шыққан кезіміз. Қолайсыз ауа райына қарамастан, шыңға шығып, туымызды тіктік, шың басынан бүкіл қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтадық. Содан соң, алғашқы қазақстандық шаңғы экспедициясына аттанып кеттік, ол да бізге оңай сынақ болған жоқ: ауа температурасының суықтығы, ұзаққа созылған сапар, денеге түсетін ауыртпашылық", — дейді команда капитаны Мағжан Сағымбаев.
"Он бір күнге созылған шаңғы экспедициясында біраз қиындықтар болды. Ауырып та қалдық. Бір жолы абайсызда шатырымызды күйдіріп алғанбыз. (…) Винсон шыңына шыққан кезде желдің екпіні сағатына 25-30 километр болды. Сол кезде екі саусағымды үсітіп алдым", — деп әңгімелейді команда капитаны.
"Жол үстіндегі" ғылым
Осы уақыт аралығында, экспедицияға қатысушы Арман Баймұхмедовтың сөзіне сүйенсек, қоршаған ортаны қорғау саласында бірқатар зерттеулер жүргізіліп, атмосферада шектен тыс көп химиялық элементтер зерттелді.
"Негізгі ластаушылар бойынша деректер жинақталды: азот диоксиді, көмірқышқыл газы, күкірт оксиді. Сондай-ақ, атмосфераның ластану индексін де пайдаландық, оған осы элементтермен қатар озон да кіреді. Сараптама нәтижелерін Қазақстандағы көрсеткіштермен салыстырып, болжамды бағалар шығарамыз. Антарктидадағы өзгерістердің бүкіл Жер шарына әсері бар", — дейді қатысушы.
Ғылыми зерттеулермен қатар адам денсаулығы да жіті бақылауда болды. Экспедицияға қатысушы дәрігер Дәулет Шәріповтың айтуынша, оның басты жұмысы қатысушылардың психоэмоционалдық жағдайын сараптау болыпты.