АСТАНА, 16 қаң – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтар өкілдерімен кездесті. Кездесуге әмірліктердің әлемдік деңгейде жұмыс жүргізетін жетекші компанияларының басшылары қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғалы бері елімізге Біріккен Араб Әмірліктерінен келген тікелей инвестиция көлемі екі миллиард долларға жуықтағанын айтты.
"Қазақстанда әмірліктер капиталының қатысуымен 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығы, металлургия және энергетика салаларын қамтиды. "Мубадала" мемлекеттік инвестициялық компаниясымен тығыз байланыс орнаған", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Астанада жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын "Абу Даби Плаза" екі жақты ірі инвестициялық жобасы іске асырылып жатқанын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономиканы әртараптандыруға айрықша көңіл бөліп, озық 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндетін алдына қойып отырғанына тоқталды.
– Осы мақсатқа жету үшін Қазақстанда бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырылып, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалуда, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті республикамызда жүргізіліп жатқан бірқатар жүйелі шаралар мен институционалдық реформаларға тоқталып өтті.
"Тәуелсіздік жылдары еліміздің экономикасына жұмсалған шетелдік тікелей инвестиция 265 миллиард доллардан асады. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 35-ші орынға ие болды. Бүгінгі таңда 56 мемлекеттің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктері де бар", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға Біріккен Араб Әмірліктері компанияларын белсене қатысуға шақырып, еліміз жан-жақты инвестициялық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
"Басымдығы бар салаларда инвестор корпоративтік табыс салығынан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Шетелдік кәсіпкерлерге қолдау көрсететін Шетелдік инвесторлар кеңесі 19 жылдан бері тиімді жұмыс атқарып келеді", – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін айтты.
"Бізді Біріккен Араб Әмірліктерінің индустриялық аймақтар жұмысы жөніндегі тәжірибесі қызықтырады. Біз осындай аймақтарды әмірліктер компанияларының басқаруына беруге дайынбыз", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әмірліктердің бизнесмендеріне Қазақстанда қазір ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүріп жатқанын, оның аясында жеті жүздей мемлекеттік кәсіпорын сатылымға шығарылғанын жеткізді.
"Бұл – тау-кен металлургиясы, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындардың, инфрақұрылым нысандарының акциялары. Біз әмірліктер компанияларының осы жекешелендіру ісіне атсалысуын біз құптаймыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Астана халықаралық қаржы орталығының қызметіне және Абу-Дабидегі саммитпен тақырыбы ортақ алдағы "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне тоқталып өтті.
"Қазақстанның елордасында биыл "Болашақтың энергиясы" тақырыбымен "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі өтеді. Оған 110-нан астам мемлекет, 18 халықаралық ұйым және жаңартылатын энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялар қатысады. Әмірліктер – араб мемлекеттері арасынан "Астана ЭКСПО-2017" көрмесіне қатысатынын ресми түрде растаған бірінші мемлекет", – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі жақты келіссөздер аясында "Астана ЭКСПО – 2017" мен "Бюро ЭКСПО Дубай 2020" арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтіп, "жасыл" энергия немесе баламалы және жаңартылатын энергия саласы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерімен арада табысты ынтымақтастық орнайды деп үміттенетінін жеткізді.