АСТАНА, 13 қаң – Sputnik. Индер аудандық соты кәмелеттік жасқа толмаған қызды жыныстық қатынасқа итермелегені үшін 31 жастағы жігітке үкім шығарды, деп хабарлайды "Ақ жайық" басылымы.
Сот материалынан мәлім болғандай, жігіт қызбен телефон арқылы танысқан. Ол қыздың жасы небары 15-те екенін біле тұра онымен кездесіп жүрген. Кейін қыз жүкті болып қалады. Дәрігерлерге қаралып жүрген қыздың жасы белгілі болған кезде полиция қылмыстық іс қозғайды.
"Сотта жәбірленуші тараптан түскен қылмыстық істі қысқарту туралы өтініш қанағаттандырылмады. Өйткені, ол ҚР ҚК-нің 68-бабы "Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату" бойынша кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыс жасағандар татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды", — дейді Индер ауданы прокуратурасының аға прокуроры Баубек Әділғалиев.
Сотталушыны ҚР ҚК-нің 122 бабы "Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау" бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.