АСТАНА, 13 қаң — Sputnik. Оңтүстік Корея азаматы жеке үй жалдап, шетелдіктерге арналған жезөкшелер қордасын ұйымдастырған деп хабарлады Алматы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
47 жастағы Оңтүстік Корея азаматы бұл қызметін караоке-бар сияқты етіп бүркмелеген. Бизнесін жүргізу үшін ол Алматы орталығынан жеке үй жалдап, сенімді адамдарды көмекшілікке алады. Бұл "барда" шетелдіктерге ғана қызмет көрсетіліп, ақысы да шетелдік валютамен төленеді екен.
29 жастағы қазақстандық қағаз жүзінде бардың администраторы деп аталса, шын мәнісінде, интимдік қызмет көрсететін персоналды таңдаумен айналысқан, мекеме ішінде бұл әйелді "мадам" деп атайды екен.
Тағы бір қыз, 20 жасар азаматша И. кассир болып жұмыс істеген. Қыздардың интимдік қызметінің бағасы 100 доллар мен 300 доллар аралығында болыпты.
ҚР ҚК 309 бабы, 2 бөлігінде қарастырылған қылмыстық белгілер бойынша сот алды тергеу ісі Алматы қаласы ІІД тергеу басқармасында жүргізілуде. Оңтүстік Корея азаматы уақытша ұстау изоляторында отыр.