АСТАНА, 13 қаң — Sputnik. Қазақстандық ауыр атлет Алла Важенина 2017 жылы қаңтарда 2008 жылы Пекинде өткен жазғы Олимпиада чемпионы атанды, себебі Халықаралық олимпиада комитеті сол жарыста алтын жүлдегер болған қытайлық Цао Лэйді медалінен айырған.
2008 жылы Пекинде 75 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде Цао Лэй жиынтық нәтижесі 282 килограммен бірінші орын алған еді. Важенина 266 килограмм көрсеткішпен екінші орынды иеленген. Алайда өткен жылы тамызда ХОК мәлімдегендей, қытайлық қыздың сол жылғы допинг сынамасында тыйым салынған заттар табылған болатын.
Қазіргі уақытта ХОК сайтында Пекин медалінен айырылған зілтеміршілердің жаңа тізімі жарияланған, олардың арасында Цао Лэй де бар. Осылайша, алтын медаль Пекин Олимпиадасында екінші орын алған қазақстандық ауыр атлет Алла Важенинаға бұйырды.