АСТАНА, 12 қаң – Sputnik. Атырау облысының тұрғын өзінің 16 жастағы туысқан інісіне спирттік ішімдік ішкізгені үшін айыппұл төлейді, деп хабарлады Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
"Кәмелетке толмағанды мас күйге жеткізу" бабы бойынша әкімшілік іс қаралды.
Белгілі болғандай, Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұратын құқықбузушы 16 жастағы өзінің туысқан інісін масаң күйге дейін жеткізген. Сот отырысында ер адам айыпталушы кінәсін мойындап, өзінің 16 жастағы туысқан інісімен спирттік ішімдік ішіп, екінші шөлмекті алмақшы болып дүкенге барған кезде полиция қызметкерлеріне ұсталғанын айтып көрсетті.
Сот қаулысымен құқықбұзушы Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 131 бабымен кінәлі деп танылып, оған 42 420 теңге әкімшілік айыппұл тағайындалды.