АСТАНА, 12 қаң – Sputnik. Атырауда Ауғанстаннан Еуропа елдеріне азаматтарды заңсыз тасымалдаған трансұлттық ұйымдасқан топтың бес мүшесі сотталды, деп хабарлайды Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
"Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында заңсыз көші-қон жолын ұйымдастырған бес Қазақстан мен Ресей азаматтарына қатысты қылмыстық істі қарады. Олар 2015 жылдың қазанынан 2016 жылдың наурыз айы аралығында Ауғаныстан Ислам Республикаларының азаматтарын транзитпен Қазақстан, әрі қарай, Мурманск облысындағы "Солтүстік маршрут" деп аталатын Ресей-Финляндия шекарасы арқылы арқылы Ресей және Европалық Одақ елдеріне жеткізіп отырған", — делінген хабарламада.
Атырау облысының ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері анықтағандай, олар шетел азаматтарын арнайы жасақталған жоспар бойынша тасымалдаған және қылмыстық топтың барлық мүшесінің атқаратын міндеттері нақты бөлінген. Шетел азаматтарын арнайы тасымалдау үшін оларды Қазақстан-Ресей шекарасына жеткізетін такси жүргізушісін жалдаған. Қылмыстық топтың басшысы Р.Ж. және тергеуде анықталмаған Ресей Федерациясы мен Ауғаныстан Ислам Республикасының азаматтары болған.
Сот үкімімен төрт сотталушы Қазақстан Республикасының ҚК-нің 264 бабымен (трансұлттық ұйымдасқан топты құру), 394 бабымен (заңсыз көші-қонды қылмыстық топ арқылы жасау) кінәлі деп танылды.
Аталған баптар бойынша сотталушыға түзеу колониясының қатаң режимінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, қалған сотталушыларға мүліктерін тәркілей отырып, түзеу колониясының жалпы режимінде 8 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Таксист рөліндегі тағы бір сыйбайласқа адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.