АСТАНА, 12 қаң — Sputnik. Биыл Астананың оң және сол жағалауларында тоғыз мыңдай ақылы көлік тұрағы пайда болады деп хабарлады елорданың жолаушылар көлігі басқарамасының басшысы Бекмырза Игенбердинов.
Оның берген мәліметіне сүйенсек, бұл ақылы көлік тұрақтары екі аумақта орналасады.
"Бірінші аумақ – Тұран, Сарайшық, Орынбор, Сығанақ көшелерінің қиылысы. Екінші аумақ – Сарыарқа – Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысы, Республика даңғылы және Жағалау", — деді Игенбердинов бейсенбі күні қоғамдық тыңдау барысында.
Оның айтуынша, барлық көлік тұрақтарында алғашқы 20-30 минут тегін болады. "Бұл уақытта кейбір тез жұмыстарды аяқтауға болады. Көлік тұрағын пайдаланған әрбір сағаты үшін төлегісі келмейтіндер маршруттық көлікті пайдаланса болады", — деді Игенбердинов.