АСТАНА, 12 қаң — Sputnik. Елордалық "Барыс" пен хорваттық "Медвешчак" арасында сәрсенбі күні Загребте өткен матчта 5:4 есебімен қазақстандық клуб жеңіске жетті, бұл матч ҚХЛ-да сол күнгі ең нәтижелі ойын болды.
Загребтегі матчтың бірінші кезеңінде бірде-бір гол соғылмағанымен, екінші периодтың ортасына қарай "Барыс" пен "Медвежчак" шайбаны бірінен соң бірін тоғыта бастады.
29 минутта Брендон Боченски есепті ашса, екі минуттан соң Александр Жиру гол соқты. Алайда айдын иелері ойыншы санының басымдығынан айырылып қалып, Боченски осы кездесуде екінші голын салды.
Соңғы жиырмаминуттықта "Барыстың" екінші шабуылшысы Найджел Доус ойынды өз тізгініне алып, екі шайба түсірді. "Медвешчак" командасынан Кирилл Воронин мен Иржи Смекайл ерекше көзге түсіп, бір-бір голдың иесі атанды.
Содан кейін 59 минутта Брэндан Шиннимин "Барыс" командасына соңғы жеңіс голын әкелді, ал ойынның соңына 40 секунд қалғанда Горан Безин бір шайба салып, есеп айырымын қысқартты.
Осы ойыннан соң "Барыс" 71 ұпаймен Шығыс конференциясында алтыншы орында тұр. Келесі ойыны 13 қаңтарда братиславтық "Слован" командасына қарсы өтеді.