АСТАНА, 11 қаң — Sputnik. Мексикалық боксшы Сауль Альварес әлем чемпионы, бес чемпиондық белдіктің төртеуін иеленген қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы жекпе-жектен тағы да қашып кетпекші деп жазады Fightnews.com сайты.
Былтыр жыл соңында Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер екі жақтың мәмлеге келіп, жекпе-жекті 2017 жыл күзде өткізетінін мәлімдеген болатын. Алайда қазір батыс басылымдарының жазуына қарағанда, Канело басқа бір қазақстандық – Қанат Исламға қарсы жекпе-жекке шықпақшы. Бұл кездесуде жүлдеге Әлемдік бокс ұйымының бірінші орташа салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық белдігі тігілген. Альварес пен Исламның жекпе-жегі 6 мамырда Техастағы "Даллас Ковбойз" стадионында өтуі мүмкін.
Геннадий Головкин әзірше америкалық Дэниэль Джейкобсқа қарсы жекпе-жекке дайындалып жатыр. 10 қаңтар күні кездесу өтетін аренада өткен баспасөз конференциясынан соң екі боксшы көзқарас дуэлін өткізді.