АСТАНА, 6 қаң — Sputnik. 2017 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасы Сирия Араб Республикасының халқына 500 тоннаға жуық ұн, ет консервтері, күріш, макарон мен шай мөлшеріндегі гуманитарлы жәрдемін жеткізді, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Гуманитарлы жүк сириялық Тартус портына Ресей Федерациясының ықпалдасуымен жеткізілді. Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Азамат Бердібай тапсырған гуманитарлы жәрдемді сириялық тараптан Тартус провинциясы Кеңесінің төрағасы Ясер Дибба қабылдады.
Қазақстанның гуманитарлы жәрдемін қажеттенген сириялықтарға тарату Сирияға көмек көрсету жөніндегі жоғарғы комиссия қадағалауымен жүзеге асырылатын болады.
"Сириядағы ауқымды гуманитарлы дағдарысты есепке ала отырып, бұл елге гуманитарлы жәрдемді көрсету жөніндегі шешімді Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады", — деді Бердібай.
Бұл Қазақстанның Сирия халқына көрсетіп жатқан тұңғыш көмегі емес. 2012 жылы босқындар лагерлерінде орналасқан сириялықтарға гуманитарлы жәрдем ретінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы арқылы Қазақстан Иордания мен Ливан үкіметтеріне 400 мың АҚШ долларын бөлген.
Сондай-ақ, 2015 жылғы қазанда Астанада өткен сириялық оппозиция өкілдері арасындағы келіссөздерден кейін Түркия-Сирия шекарасында шоғырланған сириялық босқындарға фармацевтикалық, азық-түлік және тұрғын мәселелерін жақсарту үшін сириялық босқындарға Қазақстан 300 мың еуро көлемінде гуманитарлы жәрдем беруі туралы Меморандумға қол қойылған.