АСТАНА, 4 қаң – Sputnik. Central Asia Monitor газетінің бас редакторы мен Radiotochka.kz ғаламтор-порталының директоры Бигелді Ғабдуллинге қатысты қылмыстық іс Астана сотына келіп түсті, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға қалалық соттың баспасөз қызметі.
"Ғабдуллинге қатысты іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудан аралық сотқа келіп түсті. Іс өндіріске бес тәулік ішінде қабылданады", — деді агенттікпен әңгімелесуші.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 15 қараша күні Бигелді Ғабдуллиннің бопсалау дерегі бойынша ұсталғанын хабарлаған еді. Тергеу мәліметінше, Ғабдуллин қарауындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты абыройын түсіру және жағымсыз материалдар жариялау жолымен ақпараттық шабуылды үдеткен. Осыдан кейін Ғабдуллин сынды азайтқаны үшін лауазымды тұлғалардан өз медиа ресурстарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған.