АСТАНА, 1 қаң — Sputnik. Жаңа жылда тілек тілеген қандай жақсы, ал ол тілек міндетті түрде орындалуы үшін аққан жұлдызға айтып үлгеру қажет. Жаңа жылда жұлдыздар қашан жауады, ай мен күн қашан тұтылады және басқа да аспан құбылыстары туралы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің астрономия доценті Андрей Солодовник Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Тұтылу
"Жер аспанында екі рет күн тұтылады. Біріншісі 26 ақпанда болып, сақина пішіндес боп көрінеді, ал екіншісі – 21 тамызда – толық болады, яғни бұл жылдың ең таңғажайып көрінісі болмақ. Тек бір жаманы, бұл екі тұтылу Шығыс жарты шар тұрғындарының назарынан тыс қалады, демек Еуразияға көрінбейді. Біз осы бір таңғажайып құбылыстардың тұтамын да тамашалай алмаймыз", — деді Солодовник.
Бірақ, бағымызға орай, айдың тұтылуына зер сала алады екенбіз.
"Екі тұтылуды да көре аламыз! Біріншісі 11 ақпанда болады. Ол күңгірт көлеңкелі болмақ, бірақ Ай Жердің күңгірт көлеңкесіне толықтай шомылып, соның нәтижесінде бұл құбылыс ап-анық көрінеді. Келесі ай тұтылуы 7 тамызда болады, ол бәрінен де ғажайып құбылыс болмақ. Біріншіден, ол жартылай ғана болады, яғни Айдың төменгі жартысы жердің көлеңкесінде қалады, соның салдарынан Ай төртке бөлініп қалғандай көрінеді", — деп ақпарат берді астроном.
Құйрықты жұлдызды ұстай аламыз ба?
Жыл басында (қаңтар-ақпан) түнгі аспанда Шолпан жарқырап көрінеді, оны басқа жұлдыздармен шатастырып алу мүмкін емес.
"Әлбетте, жұртқа бәрінен де құйрықты жұлдыздар қызықты. Кіші және орташа телескоптарға көрінетін бірнеше денелер бар: солардың бірі – Энке, сонымен қатар Хонда-Мркоса-Пайдушаковой (45P), PANSTARRS (C/2015), Johnson (C/2015 V2) және Туттля-Джакобини-Кресака (41P). Олардың ішінде Энке ақпан айында кешкі аспанда анық көрінетін болады.
Ақырзаман орнай ма?
Оқырмандарымыздың біразын "ақырзаман" туралы мәселе толғандыратыны сөзсіз. Астрономның айтуынша, әзірше оған астрономиялық себептер жоқ.
"Иә, 12 қазан 2017 жылы 2012 ТС4 астероиды ғаламшарымыздан жақын қашықтықта өтеді. Бірақ ең жақын деген қашықтық біршама үлкен шамаға ие – 100 мың шақырымнан асады. Әрі ол аспан денесінің көлемі де орасан зор емес – 20 метрдей ғана. Тура сондай дене 2013 жылы Челябинскі аспанында жарылды. Аман-есен жүрміз ғой!", — деп атап өтті Солодовник.