АСТАНА, 28 жел — Sputnik. ҚР ұлттық экономика министрі болып Тимур Сүлейменов тағайындалды, деп хабарлады сәрсенбіде Ақорданың баспасөз қызметі.
Тимур Сүлейменов бұрын Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі болды. Бұл қызметте ол Қуандық Бишімбаевтың орнын басты.
"Тимур Мұратұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі болып тағайындалсын", делінген Ақорданың сайтында жарияланған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығында.
Тимур Мұратұлы Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде туған. 2000 жылы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген. 2002 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Мэриленд университетін іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша бітірген. 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2010 жылдан бастап 2012 жыл аралығында — Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда вице-министрі. 2012 жылғы 1 ақпаннан бастап осы тағайындауға дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі) болды. Сондай-ақ, Елбасы Жарлығымен Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі қызметінен босатылды.