АСТАНА, 26 жел – Sputnik. Шымкент-Самара тас жолы бойында жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабарлама 2016 жылдың 24 желтоқсанда сағат 14.17 минут шамасында Ордабасы АІІБ-нің кезекші бөліміне келіп түскен, деп хабарлайды ОҚО ішкі істер департаментінде.
Оқиға орнына жедел барған полицейлердің анықтауынша, ішінде 8 жолаушысы бар "Хундай-Старекс" автокөлігін басқарып келе жатқан 24 жастағы жүргізуші басқару жүйесін игере алмай, мұз жолдан айналып кетіп, автокөлік аударылып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде алған ауыр дене жарақаты салдарынан жолаушылардың бірі, яғни 1945 жылы туылған Түркістан қаласының тұрғыны оқиға орнында қаза болған. "Хундайдың" тағы үш жолаушысы, 1951 жылы туылған Түркістан қаласының тұрғыны және 1956, 1969 жылдары туылған Өзбекстан азаматшалары түрлі дене жарақаттарымен Ордабасы аудандық ауруханасына жеткізілді.
Шағын автобустың жүргізушісі және өзге жолаушылары зардап шекпеген. Аталған жайт Орбадасы АІІБ СДБТТ тіркеліп, ҚР ҚК 345-бабымен "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.