АСТАНА, 23 жел – Sputnik. Бұрын ұсталған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен "Қазақавтожол" лауазымды тұлғалары өз кінәларын мойындап, істеріне өкінді, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі.
Бұрын хабарланғандай, "Қазақавтожол" РМК-ның жемқорлық іске тартылған аймақтық бөлімшелерінің басшылары Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторларына пара беру үшін 16 миллион теңге көлемінде ақша жинауға қатысқанын мойындаған.
Астана қалалық Алматы аудандық №2 сотының шешімімен Есеп комитетінің республикалық бюджетті орындауға бақылау жөніндегі мемлекеттік аудиторы А.Жәңгірбаева, "Қазақавтожол" бас директоры С.Мұқашев, оның орынбасары Е.Шәмішев, бөлім басшысы К.Әжіғұловқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сондай-ақ, асырауында балаларының болуына, мүгедектердің болуына және зейнет жасына жетуіне байланысты мемлекеттік аудитор А. Копобаеваға, "Қазақавтожол" РМК бас есепшісі Г.Қорғановаға және бөлім басшысы Б. Елемесоваға қатысты үй қамауына алу түріндегі шешім шыққаны айтылады.
"Тергеу шараларының барысында Б. Копобаева, С.Мұқашев, К.Әжіғұлов, Е.Шәмішев, Ш.Қорғанова және Б.Елемесов өз кінәларын толықтай мойындап, өз істеріне өкінді", — делінген хабарламада.